1 ҚЫРКҮЙЕК - БІЛІМ КҮНІ! ТҰІӘ
Оқу - білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек, деп Ғабит Мүсірепов айтқандай білімнің орны ерекше!
Баршаларыңызды білім күнімен құттықтаймыз! Оқуларыңызға сәттілік, жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілейміз!
«1 қыркүйек – Білім күні»
Мектепалды «Ақжелкен» және ересек «Балдырған» тобының тақырыптық ұйымдастырылған іс-әрекеті.
Мақсаты:
Балаларға 1-қыркүйек күні – білім күні жайында түсінік беру. Өз туған елдеріне, жерлеріне, балабақшасына сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Байланыстырып сөйлеуге, сөйлем құра білуге үйрету.
Көрнекі-құралдар: Қазақстан Республикасының рәміздері, суреттер.
Әдіс-тәсілдер: көрнекілік, сөздік, сұрақ-жауап.
Барысы: І. Кіріспе бөлім.
Естігенде көк аспанның астында,
Тік тұрындар айтылғанда Әнұран.
Бар қазақтың үніндей шарықта,
Шарықташы, Әнұраным, шарықта! Мемлекеттік гимн орындау.
Тәрбиеші: Шаттық шеңбері:
Жаңа қадам жасадым,
Қош болып тұр, бесігім.
Мен қуанып ашамын,
Балабақша есігін.
Тәрбиеші: Құрметті тәрбиешілер! Қымбатты балалар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймын!
Тәрбиеші: Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бүгінгі оқу қызметіміз біздің білім күніне, бірінші қыркүйек күніне арналады. 1-ші қыркүйек күні барлық балабақшаларда, мектептерде басқа да білім беру мекемелерде сабақтар басталады. 1-қыркүйек барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бұл күн сендер үшін, яғни оқушылар үшін және біздер үшін, ұстаздар, тәрбиешілер үшін үлкен мереке күні болып саналады. Әр бір мектептерде, балабақшаларда, басқа да білім беру мекемелерде тұңғыш қоңырау соғылады (тәрбиеші қоңырау соққан баланың суретін көрсетеді).
Осы тұңғыш қоңыраудан бастап күнделікті оқу басталады. Балалар, жақсы, білімді, тәрбиелі азамат болу үшін, ерінбей оқу оқып, білім алу керек. Ол үшін сендер балабақшаға күнде келіп, сабақ оқып, тәрбие алу керексіңдер.
Слайд көрсету,түсіндіру.
Балалар, біз өткен оқу қызметімізде Қазақстан Республикасының рәміздері жайында білім алғанбыз, ендеше есімізге түсірейікші, біз қандай Қазақстан Республикасының рәміздерін білеміз.
(балалардың жауабын тыңдау)
Тәрбиеші: Дұрыс, Гимн, Елтаңба, Ту.
Балалар, айтыңдаршы, біз қай Республикада тұрамыз?
Балалар: Біз Қазақстан Республикасында тұрамыз.
Тәрбиеші: Дұрыс. Қазақстан Республикасының президенті кім?
Балалар: Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Тәрбиеші: Өте жақсы. Біздің Қазақстан Республикасының елордасы қай қалада?
Балалар: Қазақстан Республикасының елордасы АСТАНА қаласы.
Тәрбиеші: Өте жақсы балалар. Айтыңдаршы, біздің қаламыздың атауы қандай?
Балалар: Алматы!
Тәрбиеші: Балалар, айтыңдаршы, біздің балабақшамыздың атауы қалай аталады?
Балалар: «№44 бөбекжай-балабақшасы»
Тәрбиеші: Өте жақсы балалар. Сендер өздеріннің Республикаларын, рәміздер жайында, елорда жайында барлығын білесіңдер. Жарайсыңдар!
ІІ. Негізгі бөлім.
Ендеше біз бүгінгі мерекеге арналған өлең тақпақтарымызбен оқу қызметімізді жалғастырайық.
Шаттық шеңбері:
Күндей болып күлеміз,
Гүлдей болып өсеміз.
Құстай болып ұшамыз,
Көбелектей қонамыз.
Тәрбиеші: Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім — ғылым бастауы, мерекелі
Құтты болсын бүгінгі Білім күні! (шапалақ).
Бүкіл елде басталып бүгін жыры
Соғылып қоңыраудың алғашқы үні
Білім - ғылым бастауы мерекелі
Құтты болсын бүгінгі білім күні
Кел досым бақшаға
Естимісің үнімді
Сауат ашып тіл дамытып
Үйренейік білімді.
Білім керек әрқашан
Өмір бойы бәріне
Сондықтан да балалар
Білім алайық бәріміз.
Тәрбиеші: Қыркүйектің бірінде,
Кеудем толы дірілге,
Құлақ түйем елеңдеп,
«Бақша» деген бір үнге.
Тәрбиеші: Енді балалардың мақал-мәтелдерді жалғастырайық
Білекті бірді жығар,
Білімді мыңды жығар.
Кітап- білім бұлағы,
Білім – өмір шырағы.
Ақыл азбайды,
Білім тозбайды.
Оқы да біл,
Ойна да күл.
Тәрбиеші: Білім күні құтты болсын!
ІІІ. Қорытынды бөлім.
Шырылдаған тыным алмай
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы
Ғалымдық та асқаралы
Бар білімнің нұр бастауы —
Балабақшадан басталады!
Тәрбиеші: Міне, балалар, осы күннен бастап бізде күнделікті оқу қызметіміз, қызықты да көп нәрсеге үйренетін күндеріміз басталды. Әрқашан бүгінгідей жақсы көңілмен, барлығын үйренеміз. Бүгінгі оқу қызметіне жақсы қатысқандарың үшін көп рахмет. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! Бүгінгі күн Сіздер үшін үлкен үміттер күні болсын!
Бүгінгі 1-ші қыркүйек – білім күніне арналған тақырыптық ұйымдастырылған іс-әрекеті осымен аяқталды. Сау болыңыздар!!!